ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Хазіретіміздің бекіткен жылдық жоспары аясында , Діни басқарма жанынан құрылған «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікерімұлы қасиетті жұма күні Ақтөбе облыстық орталық “Нұр Ғасыр” мешітінде жұма намазында жамағатқа тағылымды уағыз-насихат айтты.
Жұма уағызында исламдағы уақып ұғымының мән-мағынасы мен қоғамдағы маңызы жан-жақты түсіндірілді. Уақып – белгілі бір мүлікті Алла разылығы үшін арнап, оның игілігін халық қажетіне үздіксіз жұмсау екені айтылып, бұл амалдың «садақа жария» ретінде сауабы үзілмейтін игі іс екені жамағат назарына жеткізілді.
Уағыз барысында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы қайтыс болғанда, оның амал дәптері үш нәрседен басқа жағдайда жабылады: садақа жария, пайдасы тиетін ілім және артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ» деген хадисі келтіріліп, уақыптың осы үздіксіз сауаптың бірі екені кеңінен баяндалды.
Сондай-ақ, тарих беттерінде уақыптың арқасында мешіттер, медреселер, ауруханалар, жолдар мен көпірлер, білім беру және қайырымдылық мекемелері салынғаны атап өтілді. Бұл игі дәстүр мұсылман қоғамының рухани дамуына ғана емес, әлеуметтік тұрғыдан нығаюына да үлкен үлес қосқаны айтылды.
Жұма уағызында жамағат ізгі амал жасауға, қоғамға пайда келтіретін қайырымдылық істерге белсенді атсалысуға шақырылды. Әрбір мұсылман уақып арқылы өзінен кейін де сауап жазылып тұратын игі мұра қалдыра алатыны ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, «Қазақ Құран баспасы» жобасы туралы кеңінен таныстырылып, оның мақсаты – қасиетті Құран Кәрімді сапалы басып шығару, діни әдебиеттерді қолжетімді ету екені айтылды.
Уағыз соңында жамағат уақып ісіне қолдау білдіруге, қайырымдылықты өмір салтына айналдыруға үнделіп, ел игілігіне қызмет ететін бастамаларға үлес қосу – әрбір мұсылманның абзал міндеті екені еске салынды.
“УАҚЫП” ДИРЕКТОРЫ АҚТӨБЕДЕ ЖҰМА НАМАЗЫНДА «УАҚЫП» ТУРАЛЫ ТАҒЫЛЫМДЫ УАҒЫЗ АЙТТЫ
- Новости
- Просмотров: 13

