«Уақып» қоры өңірлермен онлайн жиын өткізіп, бірінші тоқсанды қорытындылады
ҚМДБ «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры бірінші тоқсанды қорытындылау және «Қасапхана» жобасы аясында өңірлік өкілдермен онлайн форматта жұмыс жиынын өткізді.
Жиынға ҚМДБ Бас мүфтиінің орынбасары, наиб мүфти Ермек Тасболатұлы төрағалық етіп, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің 2025 жылға арналған бағдарлық баяндамасында айқындалған басым бағыттарды іске асыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, «Қасапхана» жобасы бойынша өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды пысықтап, оның тиімділігін арттыру тапсырылды.
Жиын барысында Қор директоры Азамат Әбдікерімұлы қасиетті Құрбан айт мерекесіне дайындық барысын таныстырып, өңірлерде Қор тарапынан атқарылып жатқан қызмет түрлеріне тоқталды.
Қорға «Islam Quiz» атты діни бағыттағы мобильді қосымша уақып етілді. Құны 40 миллион теңгені құрайтын бұл қосымша арқылы ислам негіздеріне арналған ойындар ойнауға, намаз уақыттарын көруге, құбыланы анықтауға, зікір айтуға және жергілікті мешіттерді оңай табуға мүмкіндік бар.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазреттің бастамасымен қолға алынған «Қазақстандық Құран баспасы» жобасы аясында Құран кітабының мұқабасы, ішкі дизайны және арнайы қазақша шрифт нұсқасы дайындалуда. Қазіргі таңда шрифттің 90 пайызы әзірленді.
Қордың ресми сайты – waqf.kz тұрақты түрде жаңартылып отырады.
@waqf.kz атауымен тіркелген Instagram, TikTok, Telegram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларда тұрақты ақпараттар жарияланып, халықпен байланыс орнатылып келеді.
Тікелей байланыс үшін +7 707 333 36 21 нөмірі арқылы Call-орталық қызмет көрсетуде.
Алматы қаласында Қордың бастамасымен «Уақып қорын дамыту мақсатында түрлі сала мамандарымен кездесу» атты I дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Кездесуге 40-қа жуық маман қатысты.
Қор қызметін халыққа таныту және насихаттау мақсатында:
- 1 подкаст жарияланды;
- 21 бейнеуағыз әзірленіп, көпшілікке ұсынылды;
- 7 мақала жарық көрді;
- Әртүрлі өңірлермен 20-ға жуық тікелей эфир ұйымдастырылды.
- 20 000 дана «Көлік жүргізушісінің дұғасы» мен 20 000 дана Рамазан айының кестесі еліміздің мешіттері мен жамағатқа таратылды.
- Балаларға арналған ұлттық мазмұндағы «Алтын сақа» ойыншығы Қордың жеке өнімі ретінде әзірленіп, сатылымға шығарылды.
- Қорға тиесілі Qazaq Shapany Astana сауда дүкені ашылып, халыққа қызмет көрсете бастады.
- 8 кәсіпкерлік нысанға ресми Уақыпнама құжаты табысталды.
- Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіне бір көлік уақып етілді.
- Тараз қаласына 29 дана Құран кітап және Жамбыл облысындағы мұқтаж балаларға киім-кешек таратылды.
- Қостанай облысындағы «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің кітапханасына Дін істері комитетінен оң қорытынды алған діни әдебиеттер уақып етілді.
- «Хусамуддин ас-Сығанақи» ислам институтының ұстаздарына жалақы төлеуге 7 900 000 теңге көлемінде көмек көрсетілді.
- Құны 2 430 000 теңгені құрайтын түрлі тұрмыстық қажеттіліктер (мінбер, орындықтар, шаңсорғыштар, Құран тұғырлары, жаңа кілемдер) қала мешіттері мен медреселерге уақып етілді.
Жыл соңына дейінгі жоспар
«Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазрет бекіткен ресми жұмыс жоспарына сәйкес, жыл соңына дейін бірқатар жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болады. Қордың басты мақсаты – уақып мәдениетін жаңғырту арқылы діни-ағартушылық, әлеуметтік және қайырымдылық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру.